«Қазтрансойл» АҚ «Астрахань–Маңғышлак» Магистральды су құбырын дамытуға арналған стратегиялық сессия өткізді
«ҚазТрансОйл» АҚ Батыс Қазақстанның негізгі суармалы жүйесі саналатын «Астрахань–Маңғышлак» магистральды су құбырын дамытуға арналған стратегиялық сессия өткізді.
Шараға су ресурстары мен ирригация, энергетика, ұлттық экономика министрліктерінің, табиғи монополияларды реттеу және су шаруашылығы салалық комитеттердің, Атырау облысы әкімдігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Атамекен» ҰКП, KAZENERGY қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ «ҚазТрансОйл» АҚ Директорлар кеңесінің мүшелері қатысты.
«Астрахань–Маңғышлак» магистральды су құбыры – «ҚазТрансОйл» АҚ стратегиялық маңызды объектісі және Атырау облысының Құрманғазы, Исатай, Жылыой аудандары, сондай-ақ Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысының Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған аудандары үшін бірегей орталықтандырылған су беру көзі болып табылады. Оның ұзындығы 2,3 мың шақырымнан асады, су трансшекаралық Қиғаш өзенінен келеді. Бұл ауқымды инженерлік жүйе 1988 жылдан бері өңірдің өнеркәсіптік және мұнай-газ өндіру кәсіпорындарынан бастап коммуналдық ұйымдар, бюджеттік мекемелер және ауыл шаруашылық өндірісіне дейін тұрақты түрде сумен жабдықтап келеді.
2025 жылы су құбыры жүйесі арқылы қызмет көрсетілетін аумақтардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 25,9 млн текше метр су тасымалданды. Оның шамамен 60%-ы тұрғындардың орталықтандырылған су қамтамасыз етуін ұйымдастыру үшін коммуналдық кәсіпорындарға бағытталды. Бюджетке салықтық түсімдер көлемі шамамен 3 млрд теңгені құрады.
Сессия қатысушылары кәсіпорын қызметінің негізгі мәселелерін, оның ішінде су жеткізу көлемінің жеткіліксіздігі, тарифтік реттеу және субсидиялау механизмдері, қарыз жүктемесі, «Магистральды Су құбыры» ЖШС-ның Батыс Қазақстан өңірінің үздіксіз және сенімді су жабдықтауын жүзеге асырудағы рөлін анықтау және қызмет аясын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ негізгі түйінді мәселелер мен болашақ жоспарлар қарастырылды.
Стратегиялық сессия қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдардың қатысуымен бастамаларды кезең-кезеңімен іске асыруды көздейтін іс-шаралар жоспары (жол картасы) әзірлеу туралы шешім қабылданды.
«ҚазТрансОйл» АҚ су қауіпсіздігі мен өңірлердің тұрақты дамуы мәселелері бойынша ашық және кәсіби диалогтың ерекше маңыздылығын атап өтті. Стратегиялық сессияны өткізу – Батыс Қазақстанның су жабдықтау саласында кешенді және практикалық шешімдер әзірлеуге бағытталған маңызды қадам болды.