Табиғатқа жауапкершілікпен қарау: «Магистральды Су құбыры» ЖШС Қиғаш өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың 26 мыңнан астам шабағын жіберді
Каспий теңізі бассейні мен оның жағалауындағы аймақты балықпен толықтыру мақсатында «ҚазТрансОйл» АҚ еншілес ұйымы – «Магистральды Су құбыры» ЖШС Қиғаш өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың 26 307 шабағын жіберді.
Іс-шара Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылып, Каспий маңы су жүйесінің ихтиофаунасы мен экологиялық тепе-теңдігін сақтауға бағытталған.
Жіберілген әрбір шабақтың салмағы 15-тен 20 грамға дейін және табиғи ортада тіршілік ету қабілеті жоғары. Сондай-ақ, балықтарды суға жібермес бұрын жұқпалы және паразиттік ауруларының бар-жоқтығы ветеринарлық тексеруден өткізілді. Мамандар шабақтарды су қоймасының жағдайына дайындау бойынша бейімдеу шараларын жүргізді.
Қиғаш өзеніне балық жіберу жұмыстарын «ҚазТрансОйл» АҚ еншілес ұйымы бірнеше жылдан бері жүргізіп келеді. Мәселен, 2024 жылы «Магистральды Су құбыры» ЖШС Қиғаш өзеніне 23 600-ден астам бекіре шабағын, ал 2025 жылы 52 мыңнан астам шабақ жіберді. Осылайша, үш жыл ішінде Каспий маңының ихтиофаунасы 100 мыңнан астам бекіре тұқымдас балық шабағымен толықты.
Балық қорын молайту – уылдырықты алу және инкубациялаудан бастап, дені сау балықтарды өсіріп, оларды табиғи ортаға жіберуге дейінгі бірнеше кезеңнен тұратын көп еңбекті қажет ететін үрдіс. Бұл жұмыстарды «Магистральды Су құбыры» ЖШС «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМК, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің «Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС және «Qazaq balyk» балық шаруашылығы және аквамәдениет республикалық қауымдастығының Атырау филиалымен бірлесіп жүргізді.
– «ҚазТрансОйл» АҚ жыл сайын еншілес ұйымы – «Магистральды Су құбыры» ЖШС Каспий маңы бассейніне мыңдаған шабақ жібереді. Бұл жұмыстар Каспий теңізінің бірегей ихтиофаунасын сақтауға ықпал етеді. Балықтар өсіп, қоныс аударады, бұл Каспийдегі бекіре тұқымдас және басқа да бағалы балықтардың популяциясын толықтыруға әсер етеді. Жыл сайын өткізілетін мұндай акциялар балық санын арттыруға және Каспийдегі экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді», - Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Әділбек Мусин дейді.
Қиғаш өзені – Атырау және Маңғыстау облыстарының бірқатар суы тапшы аудандарын тұщы сумен қамтамасыз етудің маңызды көзі. Өзен суы «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су құбыры арқылы шаруашылық-ауызсумен жабдықтау, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің және өнеркәсіптің қажеттіліктеріне беріледі.
Магистральдық мұнай құбыры ұлттық операторының мемлекеттік органдармен бірлесіп өзенге балық жіберу бағытында жүргізіп отырған жұмыстары бағалы балық түрлерінің санын сақтауға, олардың табиғи ортада өсіп-өнуіне және өңірдің табиғи әлеуетін қорғауға мүмкіндік береді.
Мұндай іс-шаралар «ҚазТрансОйл» АҚ мен оның еншілес ұйымдарының табиғи ресурстарды жауапты пайдалану, экологиялық жауапкершілік пен тұрақты даму қағидаттарына бейілділігін көрсететін жүйелі жұмысының бір бөлігі.